Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Шығыс Қазақстан облысы

Кісілікті қаламгер еді (Жерлесіміз, марқұм Ерғазы Рахимовтың 80 жылдығына орай)

Кісілікті қаламгер еді (Жерлесіміз, марқұм Ерғазы Рахимовтың 80 жылдығына орай)

Мені қаламгер ағам Ерғазы Аққазыұлы Рахимовпен сыныптасым Мейрамбек Қайранбаев таныстырған еді. Мейрамбек ол кезде медицинадан гөрі әдебиетке бейім, «Алға» газетіне барып мақаласын бастырып жүретін. Ал мен өлең жазсам да оны сыныптастарым мен достарыма көп көрсетпейтін едім. Ұялатынмын. Арманым-тарихшы болу, не мықты спортшы болу еді.

Бірде оныншы сыныпта оқып жүрген кезімізде Мейрамбек «Алға» газетін алып келді. «Аягөздік палуандар жеңісі» деген шағын мақаласы шығыпты.

-Мына мақалада сен де барсың. Жүр, бір газет алып берейін. Кейін керек болады,-деді мақаласы шыққанына қуанып. Атымның газетке шыққанына іштей риза болсам да, «Қойшы, керек емес»-дедім қарсыласып.

-Ой, осы сен-ақ ұялмайтын жерде ұялады екенсің. Журналист, жазушы болмай-ақ қой, спорт саласына барсаң да керек болады, жүр,-деді Мейрамбек әншейінгі ақжарқын көңілімен. Әкесі Сейітжаппар белгілі дәрігер. Бірақ, ол жазушы-журналист болуды армандайтын. Сол кездерде Ерағаңның үйіне жиі келетін атақты жазушылармен кездесіп, әңгімелескенін мақтанышпен айтатын...

Ол мені редакцияға алып келді. Бұл есікті қысыла-қысыла аштым. Ұзын дәлізді жағалай келіп бір қуыс бөлмеге кірдік. Темекінің көк түтініне көмілген бөлмеде екі-үш журналист отыр екен.

Мейрамбек: -Ассалаумағалейкум!-деп емін-еркін амандасып жатыр. –А,а,а Мейраш, кел, төрлет!-деді төрдегі шашын артына қайырған қоңырқай өңді, қой көзді кісі. Қасындағылар шығып кетті.

-Міне, мына бала кеше газетке шыққан палуан сыныптасым, Бақытөмір,-деп таныстырып жатыр Мейрамбек. Ағам орнынан атып тұрып: «Кел, кел, ұялма»-деп жылы сөйлеп, көңілімді жадыратып жіберді.

-Сен бала, палуаннан гөрі ақын-жазушыға көбірек ұқсайды екенсің. Бірдеңе жазасың ба?-деді төтесінен Ерағаң.

Жылы шырайы жүрегімді жылытты ма, ешкімге білдірмей жүрген құпиямды аштым.

-Иә, аздап өлең жазатыным бар. Әңгіме, мақала да жазамын. Бірақ нашар...-деп міңгірледім.

-Е, кім бірден керемет өлең жазып кетті дейсің, өлеңдеріңді әкелші, көрейін,-деді.

-Сен өлең жазатын ба едің? Неге айтпай жүрсің? Давай, саған қалай жазуды мен үйретейін,-деді досым редакциядан шыға қарқылдап күліп.

Содан кейін де екі-үш жыл өтті. Менің бір де бір өлеңім еш жерде жарияланған жоқ. Мақала, әңгіме, новеллалар, тіпті поэма да жаздым. Ақыры «Жығылсаң нардан жығыл» деген, өзімді сынап көрейін, жазушы-журналист болмай кетсем де деп ойлап бір-екі мақаламды  сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетіне жібердім, бірден газет бетіне шықты. «Қазақ әдебиеті» газеті мен бірнеше газет-журналға өлеңдерімді жібердім. “Алға” газетіне бір топ өлең жолдадым. Бұл кездерде әскер қатарында болып, Алматыға арман қуып барып, философия факультетіне түспек болып, одан конкурстан өте алмай «кандидат» болып, қара жұмыс істеп, ашылып, жанталаса бастаған кезім еді. Жас ақындармен танысып, өлеңді таласа оқып та үйрендік...

Бірақ, топырлатып жіберген көп өлеңім газет-журналға шықпайды. Тек, «өлеңің тәуір, әлі де іздену керек...»-деген жауап келеді, үнемі.

Аягөзге келіп, редакцияға бас сұқтым. Баяғы Ер-ағаң сол баяғы кабинетінде көк түтінге оранып, бір топ жергілікті қаламгерлермен әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Мені құшақ жая қарсы алды. Өлеңдерімнің шықпағанына сәл ренжіп келгенімді қабағымнан таныған ба, жалпылдап өзгелерге таныстырып жатыр. Бейне бір туған бауырындай.

-Ошан, Сайлау, мына жігіт Бақытөмір деген палуан жігіт. Өзі тарихты шемішкеше шағады. Жазатыны да бар екен. Таяуда мақалалары «Социалистік Қазақстанға» шығыпты....

-Аға, қанша өлең жібердім, неге шығармайсыз!?-дедім төтесінен, ренішімді жасыра алмай.

-Бұл Бақытөмір дайын журналист. Күрес-мүресіңді қой, тарихты былай да білесің. Сен КазГу-ге журналистикаға оқуға түс. Ал өлеңді біздің алақандай газет анда-санда іріктеп шығарады. Саяси газет қой. Кейін түсінерсің. Ертең бір мақала жазып алып келші, бірден шығарамын. Алматыңа қайтқанша алып кетесің,-деді.

Ойланып қалдым. Осы уақытқа дейін өзімді іштей «ақынмын, бірақ тарихшы боламын. Ақындық былай да бойымда бар ғой. Ол мамандық емес...”-деп КазГУ-дің тарих факультетін таңдағам. Ал «жазушы-журналист боламын» деген Мейрамбек аяқ астынан әке жолын қуып дәрігер болып кетіпті. Кейін мықты дәрігер болып шықты. Тіпті, зайыбы Шолпан да, балалары да дәрігер...

Үйге келісіммен “не жазссам екен? «Мына тақырыпқа жаз» деп арнайы тапсырма да берген жоқ, ағам” деп ойланып отырып, поезда Таңсықтан жолай отырып, Аягөзге жеткенше әңгімелесіп келген Мұрат Дауанов түсті. Ол озат жас механизатор екен. Қолма-қол «Мұраттың мұраты» деп шағын суреттемелік мақала жазып, ертеңінде Ер-ағаңа алып бардым. Ол кезде редакция қызметкерлері мен сол жерге топырлап келіп- кетіп жататын жергілікті тілшілерді жұртшылық та, өкімет те қатты сыйлайтын. Кабинетте баяғысынша Ер-ағаң мен жергілікті тілшілер. Жазғанымды жылдам оқып шықты да: «Молодец, қошқар бала, осы нөмірге жібереміз. Бір сөзін де түземеймін. Кеше төңірегіңдегілерді аямай сүзетін ашушаң қошқар сияқты болып келіп едің. Бұдан былай сені «Қошқар бала» деймін,-деді жарқылдай арқамнан қағып.

Осы Ер-ағаңның жылы қабағы мен бір ауыз көтермелеген «Молодец, қошқар бала» деген сөзі менің ойым мен арманымды түпкілікті өзгертіп жіберді. Енді «Ерғазы ағамдай қаламгер болып, редакцияда журналист болсам” деген ой маза бермейтін болды. Сол кездегі жазғаным сондай керемет емес екенін кейін білдім ғой. Менің мақаламды жымын білдірмей өңдеп, келесі нөмірге жариялап жіберіпті.

Қайран, Ер-аға! Мені ғана емес, ондаған қалам ұстаған шәкірттерің де, тұстастарың мен өзіңнен үлкен, бойында сәл қабілеті бар кез келген замандасыңды жылы сөзіңмен демеп, қабілетін көтеріп, дарынын ашып жіберген кездерің қазір бір ертегі түстей ғана.Оны көре білгендер де бар, көре алмағандар да бар. Сол заманда шығармашылыққа деген қамқорлық пен көзқарас қандай еді! Рысқан Дүйсенғазиннің талантыңды танып, алғаш редакцияға әкелгені, емін-еркін жазуыңа мүмкіндік бергені қандай үлгі-өнеге! Өзіңнің ырығыңсыз тағдыр тәлкегіне түсіп, шекараның арғы, бергі бетіне өтуің, көрген қиындықтар, бәрін-бәрін жеңе білген жігерлі жан өзіңдей-ақ болар. Жеңіп қана қоймай, қысқа уақытта, бас-аяғы бес-алты жылда танымал тарлантты жазушы-ақын, журналист болуға  қол жеткізуіңнің өзі нағыз кісілік келбетің мен таза қазақи дала мінезіңнен екен ғой. Талай тартыста әділдіктің ақ туын желбірете ұстап, қай жақта шындық болса соны жақтадың.Мен алғаш Таскескен ауданынан «Алғаға» ауысып келгенде де маған қорған бола білдің.Жас кезімдегі ұрыншақ мінезіме тосқауыл қойып, сабырлылыққа үйретіп едің. Кейбір әділетсіздікке шыдамай, шарт-шұрт кеткен кезімде: «Әй, қошқар бала, мәселені олай шешпейді, сабаңа түс...»  деп лезде басып, «шешілмейді-ау» деп тұрған мәселені оп-оңай шеше салатын, едің. Үнемі жаюлы тұратын дастарханыңнан кім дәм татпады дейсіз?Аягөзге ат басын тіреген бүкіл қазақ қаламгерлерін сол кездегі «райком» мен редактор Рысқан аға өзіңе жіберетін.Оралханмен, Қалиханмен достығың туралы айтпай-ақ қояйын. Бір рет қана келген ақиық ақын Мұқағалиды ертіп, Тарбағатайға ауылға апарып, інің Тұрсынғазының аузына түкіртіп, ән орындатқаның, Таңсыққа барып Қозы-Баян басында өлмес жыр жаздыртқаның, бәрі-бәрі  қайталанбас, қайта оралмас сәттер ғана екен ғой. Тіршілігінде баға алмайтын, бағаланбайтын рухани дүниелер ғой. Кейіннен қазақтың атақты әнші-композиторы болған қайран марқұм Тұрсынғазы інің де өле-өлгенше өзіңнің Мұқағали Мақатаевты үйге әкеліп, ән айттырып жолын ашқанын аңызға бергісіз қылып айтып кетті...

«...Егер, сол жолы Мұқағалидай қазақтың біртуар талантын үйге ертіп келмесе, мен ауылда жай тракторит болып қалар ма едім. Сол бір ғана сәт менің бойыма жалын беріп, жігерімді жанып кетті.Мұқаңның өлеңдеріне ғана 30-дан аса ән жаздым»-деп еді бірде әңгімелескен сәтте Тұрсынғазы.

Сол кезде, тіпті Жазушылар Одағына мүше емес Мұқағалиды жергілікті билік соншалықты менсінбеген де екен.«Осының көңілін Ерғазы табар» деп қасына қосып берген ғой.Ал кісілік қабілетті танығыш редактор Рысқан Дүйсенғазин Ерғазының Мұқағалимен бір апта еркін жүріп-тұруына жағдай жасаған.

Сонау бір жылдары, Ерағаңмен қызметтес болып жүргенде мені арнайы,  қаладағы (Аягөзде) ескі базардың оңтүстігінде қатар-қатар жыпырлата салынған жер үйдің біріне ертіп келіп: «Міне, мына екі бөлмелі тоқал тамда жеңгең Тұрсын екеуіміз Мұқағалиды үш күн күткен едік. Тарбағатайлық ауылдастарыма рахмет,  ақынның сарқытын молынан әкеліп берген,”-деп көрсетіп еді. Одан кейін де отыз жылдай уақыт өтіп кетіпті...

Қайран Ер-ағаң.Жан жақты дарын иесі, әрі атақты Малтүгел батыр бабасындай нағыз ақжүрек, аңқау, риясыз ақкөңіл жан еді. Домбыра тартып, ән айтатыны мен сол ән тарихын зерттеуі, шежіре-сырды жатқа білетіндігі, ақындық қабілеті мен жазушы-журналистік шеберлігі өз алдына бір феномендік құбылыс еді  ғой. Оның жазған өлең-жырлары, дастандары мен әңгіме повестері жөніндегі әңгіме өз алдына бір төбе. Сонау «Зейнел күйден» бастап, «Тентек келін», «Терісайрақ» деп кете беретін ақындық, жазушылық еңбектері, «Мұңсызбайдың мұрагерлерінен» бастау алатын көлемді журналистік еңбектерің, бәрі-бәрі тарих қойнауына кетті.

Ол ойын «төтенше жазумен» қысқаша қағаз бетінде тезис ретінде қорытып алып, машинкаға «диктовкаға» отыратын.Екі-үш сөйлемді жазып алып, бірден екі-үш беттік мақаланы машинкаға барып ауызша оқи салатын шеберлікті Ер-ағадан көбіміз үйреніп едік.Аптасына үш рет орысша-қазақша шығатын аудандық газет мақаланы аяусыз жұтып жататын.Оның үстіне «шұғыл ақпараттар беру» деген пәле бар.Әрі тақырып ерекшелігі дейсің бе?Әйтеуір, етікшідей газет “жыртығын жамаушы” едік.Ерағаң келген қаламгерлермен сөйлесіп жүріп-ақ біздердің екі-үшеуіміздің қиналып жазатын дүниелерімізді әп-сәтте машинкаға барып оқи салатын.Содан да ол редакцияның еркесі болды.Лездемеге бірде келсе, бірде келмейді.Түскі демалыс ол үшін екі-үш сағатқа созылады.Редактор ештеңе айтпайды.Соңғы кездері қимылы қиындап, жүрісі ауырлай бастаған, денсаулығы сыр берген еді.Сонысына қарамай өмірден қайтқанша қаламын қолынан тастамай кетті.

Мен «Жас алашта» істеп жүрген кезім.Тәуелсіздік туы желбіреген.Өтпелі шақтың қиындықтары әбден мезі етіп, көпшіліктің күйзеліп жүрген тұсы.Бірақ, Ерғазының дастарханы ортайған жоқ.Халін сұрап барып едім.Әдетінше Тұрсын жеңгей қазы-қартасын алдымызға жайды.

-Менің еңбектерімді жақсы білесің.Екі ертегілер жинағын әзірледім.Мына «Қорымсу» романын жазып болдым. Осыған кейін сен ие болсаң қайтеді?-деген.

-«Қорымсу» ол қандай су?-дедім іліп алып.

-Ол бір түнеріп жатқан қара-қошқыл терең бір қара сулы өзеннің бір бөлігі ғой.Бейне бір қиындыққа ұрынып, қалжырап барып ес жиған адамның бейнесіндей...-деді.

Иә, ол қазақтың Шығысындағы халықтың күйзеліп, қырылып Қытайға қашуы, одан бері өтуі, жат жердегі қиыншылықтар туралы ғой.

Осыдан кейін біз жолыға алған жоқпыз.Көп ұзамай Тұрсын жеңгеміз де бақилық болды.Мен «Қорымсудан» адасып қалдым. Әлі күнге дейін сол кезде алып кетпегеніме өкінемін...

Қайран Ер-ағам! Кісіліктің келбетін, жалпы «адам» деген ардақты атқа лайықты қасиеттердің барлығына дерлігін сенің бейнеңнен көретін едік.Жалғыз қызың Мадинаңның тілеуін сырттай тілеп, қамығып жүретін едің.Өзіңмен тағдыры ұқсас Оралхан Бөкей марқұм да Мадинаны өз қамқорлығына алып еді.Иә, тағдыры ұқсас қаламгер Тоқтархан Шәріпжанды да ойлап, қиналып жүретінсің.Бірақ....соларды көріп қауышқанда еш сыр білдірмеуші едің.Кей кездердегі аңқаулықтарыңның өзі жарасып тұратын.Еске алсақ, небір қылықтарың толып жатыр ғой.Қайсы бірін айтайын.Ешкімді алаламай, бауырыңа тартатынсың.Келе-келе кезінде өзіңді мойындамай, аяқтан шалғандардың өзі саған табынды емес пе?Сен үшін жікшілдік, рушылдық деген теріс қасиеттер мүлде жоқ еді.Ой-өрең бұл жаман әдеттерден үнемі биік тұратын.Кей кездердегі шығармашылыққа байланысты пікір таластар болмаса, ешкімді жамандамайтын едің.Бір ауыз түйінді сөзбен кемшілігін ойқастата айтып, ойнақтата сарказмды күлкілі мысқылға айналдырып жеткізгенде кім де кім жым болатын.

Қою қара шашыңды ұйпа-тұйпа етіп қайырып тастап жүретінің, көк триконы сенбіліктерде «темекіні алуға ыңғайлы» деп артқы қалтасын алдына қаратып киіп алатының, қаламыңды костюмның артқы жағынан іздейтінің, «әлгі машинасы құрғыр қашан келеді...»  деп шыдамсызданып, ентігіп, жаяу үйге бара жатқаның, бәрі-бәрі есімізде.

Өмірден қайтар кезде: «Мен күздің нақ ортасында өмірге келіп едім. Сол уақытта қайтатын шығармын...» деп күрсінгенде елемеп едік.Небәрі 58 жасыңызда күзде, өмірге келген кезіңізде қайтпас сапарға жол тарттыңыз.

Амал қанша, егер арамызда тірі жүрсеңіз 80 жылдығыңызды тойлап жатар  ма едік. Содан бері де жиырма екі жыл өтіпті.Уақыт қандай жылдам.Бірақ, сізді еліңіз, әсіресе, Тарбағатайлық бауырларыңыз ұмытқан жоқ.Жалпы Тарбағатай тума таланттар елі ғой.Арғы жағын айтпағанның өзінде бұл жерден іркес-тіркес ініңіз Тұрсынғазы бастаған, Толу, Еркін, Серікзат, Талғат, Мұратбектер қостаған, әсіресе, туған ініңіздей болған Кәдірбек бас болған бауырларыңыз есіміңізді асқақтатып, республика деңгейінде жыр мүшайрасын өткізді.Ал Асқар Алтай, Толымбек Әбдірайым сияқты інілеріңіз еңбектеріңізді кітап етіп басуды қолға алды.Бұл сіздің елге қалдырған ерен еңбектеріңіздің жемісі.Өлмес шығармашылығыңыз бен кісілік келбетіңіздің көпке үлгі боларлықтай екендігінің белгісі.

Иә, сіз нағыз көпке өнеге боларлық кісілікті қаламгер болғансыз.

Р.S. Құрметті оқырман! Жерлесіміз, марқұм Ерғазы Аққазыұлы Рахимовтың 80 жылдық мерейтойына арналып, шәкірттері мен жерлестері Астана қаласында республикалық жыр мүшайрасын өткізген еді.Сол мүшайра жайлы және орын алған үздік өлеңдерді газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.